Алматы қаласында өткен Almaty Tech Cup XII халықаралық технофестивалінде робототехника, инженерия және жасанды интеллект бағыттары бойынша бақ сынаған түркістандық оқушылар үздіктер қатарынан көрінді.
Байрақты додада Төлеби ауданының жас өнертапқыштары да ерекше нәтиже көрсетіп, халықаралық чемпионаттарға жолдама алды. Атап айтқанда, Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» және «Barni» командалары робототехника мен инженерия бағытындағы жобаларын сәтті қорғап, беделді жарыстарда өңір намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар жарыс қорытындысы бойынша Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» командасының капитаны Сматилла Нұрислам Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің толық білім грантын жеңіп алды.
Халықаралық технофестиваль аясында Қазығұрт ауданының «Qazygurt», Сарыағаш ауданының «SilkWayBots», Түркістан қаласының «33Tur Robotics» пен «TurAndroid» командалары да жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық чемпионаттарға жолдама иеленді.
Бұдан бөлек, бірқатар командалар FIRST LEGO League бағдарламасының түрлі аталымдары бойынша арнайы марапаттарға ие болды. Ал Қазығұрт ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Давронбек Гүлмира Hour of AI бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетіп, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университетінің толық білім грантына ие болды. Түркістан қаласының оқушысы Абай Нұрдәулет Бахытұлы RoboCup Soccer бағыты бойынша күміс жүлдені жеңіп алды.
Төлебилік жас инженерлердің бұл жетістігі – оқушылардың ізденісі мен табанды еңбегінің, ұстаздар мен жаттықтырушылардың кәсіби қолдауының және ата-аналардың сенімінің жемісі.
Бүгінде Төлеби ауданында робототехника, цифрлық технология және инновациялық жобаларға қызығушылық танытқан жастардың қатары артып келеді. Жас өнертапқыштардың халықаралық аренаға шығуы – білім саласындағы жаңа мүмкіндіктердің жарқын көрінісі.
Алдағы халықаралық чемпионаттарда Төлебилік дарынды жастар Қазақстанның көк Туын биікте желбіретіп, ел абыройын асқақтатарына сенім мол.


