Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге және мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Бұл қағидаттар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен сабақтасып, азаматтар мен жергілікті билік арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, округтің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге жоспарланған жобаларды талқылады. Басқосу барысында өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, биыл жүзеге асырылатын бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныстары тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша ашық пікір алмасу өтті.
Кездесу барысында аудан көлемінде іске асырылып жатқан жобаларға тоқталған аудан басшысы барлық бастамалар тұрғындардың қажеттілігі мен ұсыныстары ескеріле отырып жүзеге асырылатынын атап өтті. Мұндай кездесулер азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуына мүмкіндік беріп, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім және мекеме басшыларының қатысуы көтерілген мәселелерді жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.
Биыл Құмкент ауылдық округінде жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі – Шолаққорған ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансасынан Құмкент пен Қызылкөл елді мекендеріне дейін магистральды газ құбырын тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу. Бұл жоба болашақта тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар Құмкент ауылындағы Ш.Уәлиханов көшесінде жаңа балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр. Мұндай жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, балалардың қауіпсіз демалуына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Құмкент ауылдық округінде жиырмаға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Ауылішілік жолдарды жаңарту бағытында Құмкенттегі Абай, Есіркепұлы, Қызылқанат және Жамбыл көшелеріне, сондай-ақ Қызылкөл елді мекеніндегі Уәлиханов және Ш.Беркінбаев көшелеріне асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдардың жаңаруы тұрғындардың қауіпсіз қатынасын қамтамасыз етіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізді.
Округте бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Құмкент ауылында жабық шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, жастардың жыл бойы спортпен айналысуына мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар ауыл қарияларына арналған «Белсенді ұзақ өмір» және «Тең қоғам» орталығының ашылуы аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай қалыптастырды. Бұл жобалар тұрғындардың барлық санатына қолайлы әлеуметтік орта құруға бағытталған.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары аясында Құмкент пен Қызылкөл елді мекендері толықтай көше жарығымен қамтылды. Балалар мен жастарға арналған бірнеше ойын алаңы мен воркаут алаңдарының салынуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Құмкент ауылындағы Жастар саябағы жаңартылып, абаттандырылды. Ауылдың тарихи-мәдени келбетін айшықтау мақсатында «Ұлы Жібек жолы керуені» ескерткішінің орнатылуы елді мекеннің туристік және рухани тартымдылығын арттыра түсті.
Білім беру саласында да маңызды жоба жүзеге асырылды. Қызылкөл елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп жанынан көпфункционалды қосымша ғимарат салынды. Екі қабатты жаңа нысанда мәдени іс-шаралар өткізуге арналған зал, еңбекке баулуға арналған шеберханалар, спортпен айналысуға қажетті қосалқы бөлмелер және медицина қызметкерлеріне арналған кабинеттер қарастырылған. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бұл ғимарат білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар ауылда жүзеге асқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жобаларға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Әрбір көтерілген мәселе назарға алынып, оларды шешу бойынша жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктелді.


