Науқан шеңберінде Кентау қалалық емханасына қарасты Санитариялық алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының меңгерушісі Ешенходжаева Дильноза қызылша ауруының қауіптілігі мен вакцинацияның тиімділігі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Маманның айтуынша, қызылша – көпшілік ойлағандай жеңіл өтетін «балалар ауруы» емес. Бұл – ауа-тамшы жолы арқылы өте жылдам таралатын аса жұқпалы вирустық инфекция. Ауру бір адамнан екінші адамға тез жұғып, әсіресе вакцина алмаған балалар мен иммундық жүйесі әлсіз адамдар арасында кең таралады. Сондықтан қызылшаның алдын алу қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Ешенходжаева Дильноза қызылшаның алғашқы белгілеріне де тоқталды. Оның айтуынша, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мұрыннан су ағу, жөтел, көздің қызаруы және бірнеше күннен кейін денеге бөртпенің шығуы – аурудың негізгі белгілері. Мұндай жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу дәрігерге қаралу қажет. Себебі уақытылы көрсетілген медициналық көмек асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Маман қызылшаның қауіптілігі оның ауыр асқынуларымен байланысты екенін атап өтті. Ауру өкпенің қабынуына, ортаңғы құлақтың қабынуына, ауыр іш өтуге, ағзаның сусыздануына, энцефалитке (ми қабынуы) және басқа да күрделі асқынуларға алып келуі мүмкін. Кейбір жағдайларда қызылша мүгедектікке немесе өлімге дейін әкелуі ықтимал. Әсіресе бес жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті төмен адамдар қауіп тобына жатады.
Дильноза Ешенходжаева қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы – вакцинация екенін ерекше атап өтті. Ғылыми зерттеулер екі доза вакцина адамның ағзасында тұрақты иммунитет қалыптастырып, аурудан сенімді қорғайтынын дәлелдеген. Вакцинация нәтижесінде қызылша жұқтыру қаупі айтарлықтай төмендеп, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар вакцинация тек бір адамның емес, тұтас қоғамның денсаулығын қорғауға ықпал етеді. Халық арасында екпе алған адамдардың үлесі жоғары болған сайын ұжымдық иммунитет қалыптасып, инфекцияның таралу тізбегі үзіледі. Бұл әсіресе денсаулық жағдайына байланысты вакцина ала алмайтын адамдарды қорғауда үлкен маңызға ие.
Ақпараттық жұмыс барысында әлемде әлі де әрбір төртінші баланың қызылшаға қарсы толық вакцина алмағаны айтылып, мұндай жағдайдың инфекцияның қайта өршуіне әсер ететіні түсіндірілді. Сондықтан ата-аналар балаларының екпе мәртебесін тұрақты бақылап, профилактикалық егулерді белгіленген мерзімде алуы қажет екені ескертілді.
Қазақстан Республикасында қызылшаға қарсы вакцинация Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі. Қолданылатын барлық вакциналар халықаралық сапа және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі көптеген ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденген. Сондықтан вакцинациядан қорқуға немесе күмәндануға негіз жоқ.


