Хантағы ауылдық амбулаториясының аға дәрігері Балзия Қондыбаева вакцинацияның адам денсаулығын қорғаудағы рөліне тоқталып, екпе көптеген қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген тәсілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, профилактикалық вакцинация балалардың иммундық қорғанысын қалыптастырып, аурудың ауыр түрлері мен өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Маман пневмонияның балалар арасында жиі кездесетін қауіпті инфекциялық аурулардың бірі екеніне назар аударды. Әсіресе оның ауыр түрлері Haemophilus influenzae type b (Hib) және пневмококк инфекциясы салдарынан дамуы мүмкін. Бұл инфекциялар пневмониямен қатар менингит, сепсис сияқты күрделі асқынуларға алып келіп, баланың өміріне қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Hib және пневмококк инфекцияларына қарсы вакциналардың маңызы ерекше. Бұл екпелер балаларды ауыр инфекциялардан қорғап, аурудың асқыну қаупін төмендетеді және олардың дені сау болып өсуіне ықпал етеді.
Ақпараттық жұмыс барысында Қазақстан Республикасында профилактикалық егулер Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізілетіні айтылды. Сонымен қатар елімізде қолданылатын вакциналардың барлығы халықаралық талаптарға сай тексеріліп, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі ғылыми зерттеулермен дәлелденгені атап өтілді.
Ата-аналарға балаларының екпе мәртебесін тұрақты бақылап, жоспарлы вакцинацияны белгіленген мерзімде алудың маңыздылығы түсіндірілді. Өйткені екпені кейінге қалдыру немесе жоспарлы вакцинациядан бас тарту балалардың жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін арттырып, ауыр асқынулардың туындауына себеп болуы мүмкін.
Медицина мамандары вакцинация тек әрбір баланың денсаулығын қорғап қана қоймай, қоғамда ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына да ықпал ететінін атап өтті. Ұжымдық иммунитеттің нығаюы жұқпалы аурулардың таралуын шектеп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Кентау қалалық емханасы тұрғындар арасында иммунопрофилактиканың маңызын кеңінен насихаттау, халықтың медициналық сауаттылығын арттыру және вакцинацияға деген сенімді нығайту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.


