Әкімнің айтуынша, бұрын тұрғындар әкімнің қабылдауына алдын ала жазылып, сағаттап күтуге мәжбүр болатын. Енді әлеуметтік желі арқылы жазса болғаны, әкім екі күн ішінде жауап береді немесе мәселені өз көзімен бақылауға келеді. “Орынбасарым мен мобилограф маман осылай істесек қалай болады деп ұсыныс жасады. Басында жүрексіндім, халық қалай түсінеді деп ойладым. Бірақ халықпен тікелей байланыс тиімді болып шықты”, – дейді Арыстанбек Әбілхайырұлы.
Бастапқыда облыстық басшылық әкімнің бұл тәжірибесіне скептикалық қарағанымен, әлеуметтік желідегі байланыс әдептен аспағандықтан, оған еш кедергі келтірмеген. Ал TikTok-та әкімнің жазбаларын бастапқыда небәрі 36 адам көрсе, үш апта ішінде оқырман саны 40 мыңға жеткен.
Әкім өз әрекеттерін халыққа танымал болу мақсатымен емес, нақты мәселелерді шешуге бағытталғанын айтады. “Алдыма келген ешбір адамның көңілі қалғанын қаламаймын. Халықтың проблемасын шешу үшін әлеуметтік желіде күндіз-түні отыруға дайынмын”, – дейді Арыстанбек Әбілхайырұлы.
Қала тұрғындары әкімнің бұл жаңа тәсіліне ризашылық білдіріп, жағымды пікірлер қалдыруда. Әлеуметтік желі арқылы жылдам шешім табу тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтып, Талғардағы мәселелердің тезірек шешілуіне ықпал етуде.


