Осы игі бастамалардың аясында Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Әңгірата ауылында жаңа ауылдық кітапхана пайдалануға берілді.
Ел бірлігі мен ауызбіршіліктің жарқын үлгісіне айналған бұл игі іс ауыл тұрғындарының қолдауы мен ел жанашырларының демеушілігі нәтижесінде жүзеге асты. Заманауи талаптарға сай салынған жаңа рухани орданың ашылуы ауыл өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Төлеби ауданы әкімінің аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, кәсіпкер меценат Әсет Қайыпбеков, журналист Асхат Садырбай, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Жиын барысында сөз алған азаматтар жаңа кітапхананың ауыл тұрғындары үшін маңызына тоқталып, оның жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттырып, рухани дамуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, кітап оқу және білімге ұмтылу мәдениетін танымал етуге, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Әңгірата ауылдық кітапханасының тарихы тереңнен бастау алады. Рухани мекеме 1953 жылы ауыл тұрғындарының қолдауымен және соғыс пен еңбек ардагері Әбдіжаппар Ақыловтың бастамасымен ашылған. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы кітапхананы басқарып, ауылдың мәдени-рухани өмірінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Кейін бұл игі істі 1978-1993 жылдары Әбдіжаппар Ғани жалғастырса, 1993 жылдан бері Райымкүлова Гүлзия оқырмандарға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап сақталған.
2023 жылы бұрынғы кітапхана ғимаратының тозығы жетіп, апатты жағдайға байланысты сүрілген болатын. Соған қарамастан кітапхана өз жұмысын тоқтатпай, уақытша ғимаратта ауыл тұрғындарына қызмет көрсетті.
Ауыл тұрғындарының өтініші негізінде 2025 жылдың қыркүйек айында жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Бұл бастама ауыл жанашыры, кәсіпкер Жамбыл Мәуленұлының қолдауымен және жомарт жүректі ауыл азаматтарының демеушілігі арқылы жүзеге асты.
Қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кітапхана ел игілігіне берілді. Жаңа ғимаратта оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып, кітап қорын толықтыруға, мәдени іс-шаралар өткізуге және тұрғындардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге қажетті жағдай қарастырылған.
Салтанатты жиын барысында ауылдың рухани дамуына үлес қосып, жаңа кітапхананың бой көтеруіне қолдау көрсеткен бірқатар азаматтарға Төлеби ауданы әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табысталды.
Әңгірата ауылындағы жаңа кітапхана – ел азаматтарының ауызбіршілігі мен ортақ мақсатқа жұмыла атқарған еңбегінің нәтижесі. Енді бұл рухани мекен ауыл тұрғындары үшін білімнің, тәрбиенің және мәдениеттің ордасына айналып, кітап оқу мен ізденуге құштар жаңа буынның қалыптасуына қызмет ететін болады.


