Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатуға, олардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған реформалардың маңызды бөлігі болып саналады.
Осы мақсатта Созақ ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов Тайқоңыр елді мекеніне арнайы барып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Басқосу барысында ауыл тұрғындары инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер және елді мекенді дамытуға қатысты өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында әрбір мәселе жеке қаралып, оларды шешудің нақты тетіктері талқыланды. Мұндай кездесулер халықтың пікірін ескеріп, мемлекеттік шешімдерді тұрғындардың сұранысына сай қабылдауға мүмкіндік береді.
Кездесу кезінде тұрғындар ішкі жолдардың жай-күйі, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді көтерді. Аудан әкімінің орынбасары көтерілген әрбір ұсыныстың назарға алынғанын айтып, аудан әкімінің үйлестіруімен және елді мекен аумағында жұмыс істейтін өндіріс орындарының қолдауымен бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл мемлекеттік органдар мен әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындардың өзара тиімді әріптестігінің нәтижесін көрсетеді.
Елді мекендегі өзекті мәселелердің бірі – ауыз су. Жаз мезгілінде судың уақытпен берілуіне байланысты тұрғындардың өтініштері ескеріліп, өндіріс орындарының демеушілігімен жаңа ұңғыма құдық қазу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі таңда жобаға қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталып кеткен. Жаңа су көзін іске қосу арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл бастама ауылдағы коммуналдық инфрақұрылымды жақсартып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі де жан-жақты қаралды. Жақын уақытта арнайы қоқыс төгетін орын белгіленіп, оның аумағы қоршалатын болады. Сонымен қатар қоқыс полигонын заңдастыру жұмыстары басталып, өндіріс орындарының қолдауымен қоқыс тасымалдауға қажетті арнайы техникалармен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Мұндай жұмыстар елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартып, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жалғасуда. Тайқоңыр елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 4,3 шақырым болатын ішкі жолдардың 1,5 шақырымы бұған дейін асфальтталған болса, қазіргі уақытта қалған 2,8 шақырымына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл көшелерге де асфальт жабындысын төсеу жоспарланған. Жол сапасының жақсаруы тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді.
Кездесу барысында тұрғындар кәріз жүйесінің тозуына қатысты мәселені де көтерді. Мамандар жүргізген техникалық қорытындыға сәйкес, орталық кәріз жүйесін толық жаңарту тұрғындар санының аздығына байланысты экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған. Осыған байланысты тұрғындарға жеке септик орнатудың тиімділігі түсіндіріліп, бұл шешімнің санитарлық талаптарға сәйкес келетіні жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Мұндай тәсіл қазіргі жағдайды ескере отырып қабылданған оңтайлы шешімдердің бірі ретінде қарастырылуда.
Тайқоңыр елді мекенінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде мұнда Т.Момбеков атындағы жалпы білім беретін мектеп, мәдениет үйі, «Арай» бөбекжай-балабақшасы және жаңа медициналық пункт тұрақты қызмет көрсетуде. Сонымен қатар өткен жылы шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, 30 қоқыс контейнері орнатылды. Елді мекеннің орталық үш көшесіне жарық шамдары қойылып, бүгінде ішкі көшелер толықтай жарықтандырылған. «Инкай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен екі жаңа трансформатор орнатылып, электр желілерінің қуаты арттырылды.


