Ауқымды профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, қантты шамадан тыс тұтынудың ағзаға тигізетін кері әсері туралы ақпараттандыру және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау болды.
Шара аясында білім беру ұйымдарында денсаулық сабақтары өткізіліп, оқушыларға дұрыс тамақтанудың маңызы, күнделікті ас мәзіріндегі қант мөлшерін бақылаудың қажеттілігі және денсаулыққа пайдалы тағамдарды тұтынудың артықшылықтары туралы кеңінен түсіндірілді. Мамандар қанттың шамадан тыс қолданылуы семіздікке, қант диабетіне, жүрек-қан тамырлары ауруларына, тіс жегісіне және басқа да созылмалы дерттердің пайда болуына ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында жастармен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Денсаулық сақтау саласының мамандары дұрыс тамақтану – тек белгілі бір диетаны сақтау емес, ол адамның өмір сүру салтына айналуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ күнделікті рационда көкөніс пен жеміс-жидекті көбейту, табиғи өнімдерді таңдау, тәтті газдалған сусындар мен құрамында қант мөлшері жоғары өнімдерді шектеу, жеткілікті мөлшерде су ішу және тұрақты дене белсенділігі денсаулықты нығайтудың маңызды шарттары екені түсіндірілді.
Челлендж барысында қатысушылар белгілі бір уақытқа қантты немесе құрамында қант мөлшері жоғары өнімдерді тұтынудан бас тартып, пайдалы тағамдарға басымдық беруге үндейтін бастаманы қолдады. Бұл акция тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс өмір салтын таңдауға ынталандыруды көздейді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасында тәтті тағамдар мен қант қосылған сусындарды шамадан тыс тұтыну кең таралған. Мұндай әдет уақыт өте келе түрлі созылмалы аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ерте жастан дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру – қоғамдық денсаулықты сақтаудағы маңызды бағыттардың бірі.
Іс-шара барысында қатысушыларға дұрыс тамақтану қағидалары жазылған ақпараттық жадынамалар таратылып, күнделікті өмірде қант мөлшерін азайтудың қарапайым тәсілдері ұсынылды. Сонымен қатар тәтті өнімдердің орнына табиғи жемістерді, кептірілген жемістерді, жаңғақтарды және пайдалы тағамдарды тұтынудың артықшылықтары түсіндірілді.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық шаралардың халық арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, созылмалы аурулардың алдын алуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге үлкен үлес қосатынын атап өтті. Денсаулықты сақтау – әр адамның күнделікті таңдауы мен өмір салтына тікелей байланысты. Осыған байланысты жастарды дұрыс тамақтануға баулу, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру және белсенді өмір салтын ұстануға ынталандыру алдағы уақытта да жалғасын табады.
Кентау қалалық емханасына қарасты «Алау» жастар денсаулық орталығы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды тұрақты түрде өткізіп келеді. Осындай бастамалар арқылы жастар арасында денсаулыққа деген жауапкершілікті арттыру, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және салауатты ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу көзделеді.


