Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындары мен жастарға мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат беру, олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыру және жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағыт-бағдар көрсету.
Кездесуге Қарнақ ауылының тұрғындары, белсенді жастар, жұмыссыз және NEET санатындағы жастар қатысты. Мамандар мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттары, қатысу талаптары, құжаттарды рәсімдеу тәртібі және олардың беретін мүмкіндіктері жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Іс-шара барысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сапалы білім алуға жағдай жасау және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар таныстырылды. Атап айтқанда, «Серпін-2050» бағдарламасы арқылы еліміздің еңбек күші тапшы өңірлерінде тегін білім алу мүмкіндіктері, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеру және грант алу жолдары, «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы оқу орнын тәмамдаған түлектердің алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мүмкіндігі жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы, ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға арналған «Дипломмен ауылға» жобасы және жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік гранттар туралы да кең көлемде ақпарат берілді. Әрбір бағдарламаның артықшылықтары, қатысу талаптары мен өтінім беру кезеңдері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Кездесу барысында жастарға мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану, кәсіби бағдарын дұрыс айқындау және өз болашағын жоспарлау жөнінде маңызды кеңестер айтылды. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, кәсіпкерлікті дамыту жолдары және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану арқылы табысты мансап қалыптастыру мүмкіндіктері сөз болды.
Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына жол ашады. Әсіресе ауыл жастары үшін мұндай кездесулер өз кәсібін бастауға, сапалы білім алуға, тұрақты жұмысқа орналасуға және өмірлік мақсаттарын айқындауға үлкен серпін береді.
Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» алдағы уақытта да қала мен ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау жұмыстарын жалғастырып, жастарға жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыра береді.


