Ақпаратқа сәйкес, оқиға кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп резиденция аумағында болған. Қауіпсіздік қызметі бірден күшейтілген режимге көшіп, аумақ толық бақылауға алынған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті — Мэриленд штатынан шыққан 21 жастағы Насир Бест. Ол Ақ үй жанындағы бақылау-өткізу бекетіне келіп, қауіпсіздік қызметкерлеріне оқ атқан. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, атыс кезінде ондаған рет оқ атылған.
Кейін АҚШ Құпия қызметі күдіктінің қаза тапқанын ресми түрде растады. Сондай-ақ оның бұған дейін де Ақ үй аумағына жақындауға қатысты шектеулерді бұзғаны және құқық қорғау органдарына бұрыннан белгілі болғаны айтылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу органдары күдіктінің әрекетінің себебі мен оның жалғыз әрекет еткен-етпегенін тексеруде.


