Көңілді тапқырлар сайысы жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл шара жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және әзіл-сықақ мәдениетін ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Кештің жүргізушісі ретінде елімізге танымал «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есентүгел Елеукен өнер көрсетті. Оның кәсіби шеберлігі мен ерекше харизмасы кештің көркін қыздырып, залдағы атмосфераны көтеріңкі деңгейде ұстап тұрды.
Кентау қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынған додаға Қазақстанның әр аймағынан және шетелден келген 12 команда қатысты. Атап айтқанда, Шымкент, Сарыағаш, Астана, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Абай облыстарының құрамалары және Қарақалпақстаннан келген командалар сахнада бақ сынасты. Қатысушылар өз өнерлері арқылы қоғамдағы түрлі тақырыптарды әзілмен жеткізіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Сарыағаш ауданынан келген «Абырой СұңқарМед» командасы иеленді. ІІ орын Ақтөбе облысының «Оспанов құрамасына» бұйырса, ІІІ орынды Шымкент қаласының «Mademuazel» командасы еншіледі. Сонымен қатар Қарақалпақстаннан келген «Алмаз» командасына арнайы жүлде табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында қатысушылар Кентау қаласының ерекшеліктерін, өңірдің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін әзілмен ұштастырып, сахнада шебер көрсете білді. Бұл көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, жергілікті ерекшеліктерді насихаттауға да ықпал етті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, қатысушыларға алғысын білдірді. Олар жастардың белсенділігі мен шығармашылығын жоғары бағалап, осындай жобалардың маңыздылығына тоқталды.
Жалпы, Кентауда өткен республикалық «Жайдарман» ойындары – жастар саясатын дамытуға, олардың шығармашылық бастамаларын қолдауға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Мұндай жобалар жастардың әлеуетін ашып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.


