Спорттың бұл түрі Оңтүстік өңірлерде жақсы дамыған. Жалпы Сайрам кез-келген спорт түрін дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Содан болар ауданда дәл осы саладан жетістікке жетіп жатқан жастар саны көп.
Соңғы жылдары аудан жастарының жекпе-жек спорт түрлеріне қызығушылығы артып, түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Солардың бірі – әлем бойынша кеңінен танылған грэпплинг спорты. Спорттың бұл түрін ең қауіпсіз десек те қателеспепіз. Өйткені, мұнда бір-бірін басып озу үшін қарсыласты соққыға алатын ешкім болмайды. Спортшылар тек тактика мен білектің күшіне сенеді.
Грэпплинг – күрес элементтеріне негізделген жекпе-жек түрі. Бұл спорттың басты ерекшелігі – қарсыласты бақылау және әдіс қолдану арқылы басымдыққа ие болу. Грэпплингте соққы жасауға рұқсат етілмейді, сондықтан спортшылар техникалық шеберлікке, төзімділікке және тактикалық дайындыққа ерекше көңіл бөледі.
Грэпплингтің тарихы ежелгі күрес түрінен бастау алады. Оның құрамында еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо және бразилиялық джиу-джитсу элементтері бар. ХХ ғасырдың соңында қарқынды дами бастаған спорт түрі бүгінде танымал. Сонымен қатар жыл сайын әлемде спорттың осы түрінен халықаралық дәрежедегі жарыстар мен құрлықтық біріншіліктер ұйымдастырылып отырады. Ал, ресми түрдегі ең алғашқы грэпплинг чемпионаты 1998 жылы Абу -Дабиде өткізілген.
Қазақстанда да грэпплинг соңғы жылдары кеңінен дамып, жастар арасында танымал спорт түріне айналды. Еліміздің түрлі өңірлерінде федерациялар құрылып, спорт мектептері мен клубтар жұмыс жасап жатыр. Қазақ жастары бұл спорт түрінен халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел мерейін асырып жүр.
Сайрам ауданында да грэпплинг спортына қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Аудандағы спорт клубтары мен жаттығу орталықтарында ондаған жас тұрақты түрде жаттығып, шеберліктерін шыңдауда. Жаттықтырушылардың айтуынша, грэпплингпен айналысу жасөспірімдердің физикалық дайындығын жақсартып қана қоймай, олардың тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі төзімді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаев жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аудару керектігін қадап айтқан болатын. Президент тапсырмалары аясында еліміздің барлық өңірлерінде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Түркістан облысы Сайрам ауданының өкілдері де айтылған тапсырмаға бей-жай ұарамайды. Жыл сайын қыруар қаражат бөліп спорттық ойындар өткізеді. Мүмкіндігінше жастарға қолдау көрсетіп олардың қарыштап дамуына жағдай жасайды.
Грэпплингтің тағы бір ерекшелігі – спортшыға қойылатын талап жоғары. Онда тек физикалық жағдайыңнан өзге психологиялық тұрғыдан да мықты болуың қажет. Әрбір белдесу барысында қатысушы қарсыласын әбден зерттеп, оның келесі қадамын алдын ала болжай білуі тиіс. Дұрыс тактика құрып, қысқа уақыт ішінде шешім қабылдай білу де спортшының деңгейін көрсетеді. Сондықтан бұл спорт түрі жастардың ойлау қабілетін дамытып, қиын жағдайларда сабыр сақтауға үйретеді.
Сайрам ауданында өткізілетін жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріп келеді. Мұндай жарыстар арқылы болашақ чемпиондар анықталып, олардың үлкен спортқа қадам басуына жол ашылады. Сонымен қатар аудан спортшылары облыстық және республикалық додаларда сәтті өнер көрсетіп, өңір абыройын асқақтатып жүр.
Жергілікті мамандардың пікірінше, грэпплингтің дамуы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға және дені сау ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді. Спортпен тұрақты айналысатын жасөспірімдер өз уақытын пайдалы өткізіп, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіреді.
Бүгінде Сайрам ауданы спорт саласында өзіндік орны бар өңірлердің біріне айналып келеді. Мұнда бокс, қазақ күресі, еркін күрес, таэквондо, дзюдо және басқа да спорт түрлерімен қатар грэпплинг те қарқынды дамуда. Бұл аудан жастарының спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта да Сайрам ауданында грэпплинг спортын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын тауып, жаңа чемпиондардың шығуына негіз қаланады. Спорт арқылы шыңдалған жастар ауданның ғана емес, еліміздің мақтанышына айналары сөзсіз.


