«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елді мекендердің инженерлік желілерін жаңғырту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып маңызды жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде жүйелі түрде жүзеге асуда.
Осы мақсатта Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарды таныстырды. Басқосу барысында кенттің бүгінгі даму көрсеткіштері сараланып, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Мұндай кездесулер жергілікті тұрғындардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беріп, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайта түседі.
Кездесу барысында кент әкімі Елдос Дәулетбаев атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелеріне тоқталды. Тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, кенттің одан әрі дамуына қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ашық форматтағы пікір алмасу барысында көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Биыл Таукент кентінде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, мазут сақтау қоймасын қайта қалпына келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар №1 ДЕ-10-14 бу қазандығын жаңғыртып, жаңа қондырғы орнату және №4 КВГМ-10-150 су қыздырғыш қазандығын ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасады. Биыл Көкжиек, Жыныс ата, Кенесбаев және Х.Тоқмұхаммедов көшелерінде жалпы ұзындығы 4,165 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жолдардың сапасын жақсарту тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, көлік қатынасын жеңілдетуге ықпал етеді. Бұл жұмыстар елді мекеннің инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
Өткен жылы да Таукент кентінде жол және абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздік, Көкбұлақ, Мәңгілік ел және Болашақ көшелеріне жалпы ұзындығы 2420 метр асфальт төселіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар көпқабатты он бес тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, тұйық көшелерге 3815 метр қиыршық тас төселді. Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай қалыптастыруға және кенттің көркін жақсартуға мүмкіндік берді.
Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында кент толықтай көше жарығымен қамтылып, жарықтандыру жүйесі жүз пайыз жаңартылды. Бұдан бөлек, №132 көпқабатты тұрғын үйден кент мәдениет үйіне дейін жаңа аяқжол салынып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Мұндай жобалар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Электр желілерін жаңғырту бойынша да маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда. «Оңтүстік жарық транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында Х.Тоқмұхаммедов және С.Тойшыұлы көшелеріндегі ескі электр желілері мен бағаналары ауыстырылып, «Тастақ» трансформаторы жаңартылды. Сонымен бірге жаңа электр бағаналары орнатылып, заманауи трансформаторлар іске қосылды. Алдағы кезеңде Бесбұлақ саяжайындағы 115 электр бағанасын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кентте әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Балалар және спорт алаңдары жөнделіп, жаңа ойын алаңдары пайдалануға берілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балалардың қауіпсіз ойнауына және тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында №132 үй маңындағы аялдамаға мультимедиялық арка, бағдаршам, LED экран және жарық шамдары орнатылды. Кенттің кіреберісіндегі LED экран арқылы мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды ақпараттар тұрақты түрде тұрғындарға ұсынылып келеді.


