Форумның негізгі тақырыбы «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы» болды. Қатысушылар жаһандық экономикалық сын-қатерлер жағдайында инвестициялық мүмкіндіктерді, инфрақұрылым, энергетика, өнеркәсіп, технологиялар және жасыл экономиканы дамыту мәселелерін талқылады.
Іс-шара аясында «Инновациялардан тұрақтылыққа: АХҚО Қазақстанның заманауи инвестициялық климатын қалай қалыптастырады» тақырыбында панельдік сессия өтті. Онда «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері мен сарапшылар инвесторларға қолайлы орта қалыптастырудағы институционалдық шешімдер мен құқықтық тетіктердің маңызын атап өтті. Спикерлердің айтуынша, АХҚО бүгінде Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды қаржы көпіріне айналған.
Сарапшылар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын атап өтті. Елде іске асырылып жатқан институционалдық реформалар, цифрландыру және салық жүйесін жетілдіру инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жеңілдетіп отыр. Сонымен қатар, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның енгізілуі жобаларды тарту мен іске асыру процесін жеделдеткен.
Форум барысында келтірілген деректерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында АХҚО арқылы 2,6 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Жалпы, орталық экожүйесінде 85 елден 4 мыңнан астам компания тіркеліп, инвестиция көлемі 16,9 млрд доллардан асқан.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылық, болжамды саясат және ұзақмерзімді өсім әлеуеті арқылы шетелдік инвесторлар үшін сенімді серіктеске айналып отыр. Әсіресе, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Таяу Шығыс елдерінен инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларына инвестиция тарту белсенді жүріп жатыр.
Сарапшылар инвестициялық саясатта «сапалы инвесторларға» басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Яғни тек қаржы ғана емес, технология, жаңа жұмыс орындары және экспорттық әлеует әкелетін жобаларға ерекше көңіл бөлінуде.
Жалпы алғанда, KGIR-2025 форумы Қазақстанның өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, мемлекет пен халықаралық бизнес арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтерген маңызды алаң болды.


