Министрдің айтуынша, бюджет жобасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде қалыптастырылған. Құжатта алдағы үш жылға арналған мемлекеттік қаржының негізгі бағыттары мен басымдықтары айқындалған.
2027 жылы республикалық бюджетке түсетін түсімдер 25,6 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл жалпы ішкі өнімнің 12,9 пайызына тең. Ал бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,3 пайыз деңгейінде жоспарланған.
Бюджетті қалыптастыру кезінде Ұлттық қор қаражаты да ескерілген. Атап айтқанда, 2027 жылы Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2,4 трлн теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт қарастырылған. Бұл қаражат негізінен аса маңызды инфрақұрылымдық нысандарды және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Қаржы министрі бюджет саясатының негізгі мақсаты тек шығыстардың өсуін қамтамасыз ету емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік қаражат ең алдымен ел алдындағы міндеттемелерді орындауға, экономикалық өсімді қолдауға, өңірлерді дамытуға және адами капиталды нығайтуға бағытталуы тиіс.
«Бюджетті қалыптастырудың маңызды ерекшелігі – шығыстар өсуін жабу ғана емес, ресурстарды ең алдымен мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға бағыттай отырып, бюджет қаражатының әрбір теңгесінен түсетін табысты арттыру», – деді Мәди Такиев.
Осылайша, 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасында мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруға басымдық беріліп отыр. Алдағы кезеңде бюджет қаражатын әлеуметтік міндеттемелерді орындаумен қатар, экономиканың тұрақты дамуына және өңірлердің әлеуетін арттыруға бағыттау көзделген.
Үкімет отырысында ұсынылған параметрлер алдағы үш жылдағы бюджеттік саясаттың негізгі бағытын айқындайды. Заң жобасы белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті рәсімдерден кейін бекітіледі.


