Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдардың халықпен ашық байланысын күшейтіп, әрбір елді мекеннің қажеттілігіне сай шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Осы қағидат аясында Созақ ауданында тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіліп, ауылдардың өзекті мәселелері талқыланып, даму бағыттары нақты айқындалуда.
Осындай кездесулердің бірі Қарақұр ауылдық округінде ұйымдастырылып, онда округтің бүгінгі жағдайы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Ашық форматта өткен жиында тұрғындардың ұсыныстары тыңдалып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша пікір алмасуға басымдық берілді. Мұндай кездесулер мемлекеттік басқарудағы ашықтық қағидатын нығайтып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Жиын барысында округте жүзеге асқан жұмыстар сараланып, алдағы кезеңде қолға алынатын жобалар таныстырылды. Аудан көлемінде атқарылып жатқан бастамалар туралы берілген мәліметтер тұрғындарға өңірдің даму бағытын жан-жақты түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар көтерілген мәселелердің әрқайсысына жауап беріліп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелуі мемлекеттік органдардың тұрғындар алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетті. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының жергілікті деңгейде тиімді іске асып жатқанын аңғартады.
Қарақұр ауылдық округінде биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Қарақұр ауылындағы атауы жоқ №1, №2 және №3 көшелерге, сондай-ақ Шаға елді мекеніндегі №1 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады. Жол сапасының жақсаруы тұрғындардың әлеуметтік нысандарға, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың экономикалық белсенділігіне де оң ықпал етеді.
Жалпы ауыл ішіндегі автомобиль жолдарының ұзындығы 20,3 шақырымды құрайды. Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оның 6,3 шақырымына асфальт төселіп, бүгінде ішкі көшелердің жол сапасы толықтай жақсарған. Бұл көрсеткіш инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Жолдардың сапалы болуы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, ауылдың келешектегі дамуына берік негіз қалайды.
Инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар тек жол жөндеумен шектелмейді. Ауыл көшелеріне жол белгілері мен жасанды кедергілердің орнатылуы қозғалыс қауіпсіздігін күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру жүйесінің толық жаңартылып, елді мекеннің жүз пайыз жарықпен қамтылуы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге қоғамдық кеңістіктің қолайлылығын арттырды. Бұл жұмыстар ауылдың инженерлік инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуға бағытталған кешенді саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Ауылдың көркін арттыруға бағытталған абаттандыру жұмыстары да өз нәтижесін беріп келеді. Орталық көшелердегі жарық бағаналарының безендірілуі қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбетін жақсартса, Қарақұр ауылындағы Наурыз көшесінде балалар ойын және шағын футбол алаңдарының салынуы жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Шаға елді мекенінде де жаңа балалар ойын алаңының пайдалануға берілуі тұрғындардың әлеуметтік сұранысына берілген нақты жауап болды. Мұндай жобалар балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Кездесу соңында аудан әкімінің тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы мемлекеттік басқарудағы кері байланыстың маңызды тетіктерінің бірі екенін көрсетті. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарының тікелей тыңдалып, олардың шешу жолдарының қарастырылуы халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады. Бұл – Президент бастамашылық еткен әділетті, ашық әрі халыққа қызмет ететін мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі.


