Акцияның басты мақсаты – жасөспірімдердің денсаулық мәдениетін қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу, дұрыс тамақтану қағидаларын дәріптеу және жастарды белсенді өмір салтын ұстануға ынталандыру.
Іс-шаралар аясында Кентау қалалық емханасының салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Хабибуллаева Юлдуз Мирзособировна Кентау қаласына қарасты білім беру ұйымдарында кездесулер өткізіп, оқушылармен ашық форматта пікір алмасты.
Атап айтқанда, Әбу Насыр әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясында «Мен таңдаған жол», «Денсаулыққа жеті қадам», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» және «Дұрыс тамақтану» тақырыптарында семинарлар, дәрістер және ашық сабақтар ұйымдастырылды. Кездесулер барысында оқушыларға денсаулықты нығайтудың негізгі қағидалары жан-жақты түсіндіріліп, күнделікті өмірде дұрыс әдеттерді қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.
Маман өз баяндамасында денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық екенін атап өтіп, оны сақтау ең алдымен әр адамның өзіне байланысты екенін жеткізді. Оқушыларға дұрыс тамақтану қағидаларын сақтау, күн тәртібін тиімді жоспарлау, жеткілікті ұйқының маңызы, тұрақты дене белсенділігімен айналысу және жеке бас гигиенасын сақтау жөнінде жан-жақты мәлімет берілді.
Сонымен қатар кездесулер барысында зиянды әдеттердің, оның ішінде темекі шегу, электронды темекі мен вейп өнімдерін пайдалану, алкогольдік ішімдіктер мен психоактивті заттардың адам ағзасына тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді. Жасөспірімдерге мұндай зиянды әдеттердің денсаулыққа ғана емес, олардың болашақ өміріне, білім алуына және қоғамдағы белсенділігіне де кері ықпал ететіні айтылды.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – оқушылармен еркін пікір алмасу болды. Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дұрыс тамақтану, иммунитетті күшейту, күйзелістің алдын алу, дене белсенділігі және жалпы денсаулықты сақтау бойынша дәрігерден нақты жауаптар алды. Бұл формат оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып, денсаулық мәселелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етті.
Медицина қызметкерлері денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы – аурудың алдын алу екенін ерекше атап өтті. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап балалар мен жасөспірімдерге салауатты өмір салтының қағидаларын үйрету, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және зиянды әдеттердің алдын алу – қоғамдық денсаулықты нығайтудың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-танымдық кездесулер өскелең ұрпақтың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыруға, олардың бойында дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруға және саналы таңдау жасауына мүмкіндік береді. Жастардың денсаулығы – елдің болашағының кепілі. Сондықтан профилактикалық жұмыстар мен ағартушылық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
Кентау қалалық емханасы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, аурулардың алдын алу және халықтың денсаулық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.


