Осы мақсатта қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Есіктен-есікке» акциясы өткізілді. Іс-шара барысында мамандар тұрғын үйлерді аралап, жастардың әлеуметтік жағдайын зерделеу және оларды қолдау шараларымен таныстыру жұмыстарын жүргізді.
Акцияның негізгі мақсаты – «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде тіркелген дағдарыстық (D) және мүшкіл (E) деңгейдегі отбасыларды анықтау арқылы 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыссыз, оқу оқымайтын және ресми тіркелмеген жастарды нақты есепке алу. Сонымен қатар, NEET санатындағы азаматтардың әлеуметтік мәртебесін айқындап, оларды мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тарту көзделді.
Аралау барысында мамандар әр отбасының жағдайымен танысып, жастармен жеке әңгіме жүргізді. Оларға мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктер кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарына қатысу, жаңа мамандық игеру, біліктілікті арттыру бағдарламалары, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға арналған қайтарымсыз гранттар мен жастарға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде толық мәлімет ұсынылды.
Жастар ресурстық орталығының мамандары мұндай кездесулердің тек ақпараттық сипатта емес, мотивациялық маңызға да ие екенін атап өтті. Себебі көптеген жастар өз мүмкіндіктері мен мемлекеттік бағдарламалар туралы толық білмеуі мүмкін. Ал тікелей түсіндіру жұмыстары олардың еңбек нарығына бейімделуіне және өмірлік бағытын айқындауына ықпал етеді.
Акция барысында анықталған жастар арнайы базаға енгізіліп, олармен әрі қарай жеке жұмыс жүргізу жоспарланған. Бұл ретте мансаптық бағдар беру, оқыту курстарына жолдау және жұмысқа орналастыру бағыттары қарастырылмақ.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді шаралар NEET санатындағы жастар санын азайтып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады. Сонымен қатар, жастардың тұрақты табыс табуына, кәсіби дамуына және өмір сапасын арттыруына оң әсерін тигізеді.
Кентауда жүзеге асып жатқан «Есіктен-есікке» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, қала жастарын қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек.


