Іс-шараға Түркістан облыстық «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі» төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының құқықтық тәрбие және әлеуметтік ісі жөніндегі комиссия мүшесі, запастағы полковник Оналбаев Есенбек Молдатайұлы арнайы қатысып, жас буын полиция қызметкерлерімен тәжірибе бөлісті.
Кездесуге аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, түрлі сала бойынша қызмет атқаратын полиция инспекторлары мен сержанттық құрам қатысты. Жиынның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі полиция қызметінің маңызын түсіндіру және қызметкерлер арасында адалдық пен кәсібилік қағидаттарын дәріптеу болды.
Іс-шара барысында Оналбаев Есенбек Молдатайұлы өзінің ұзақ жылғы қызмет жолынан сыр шертіп, құқық қорғау саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол полиция қызметінің аса үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтіп, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолындағы адал қызметтің маңызына тоқталды. Ардагердің өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолы жас қызметкерлер үшін үлкен өнеге ретінде ұсынылды.
Кездесу барысында қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың сенімін арттыру бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды. Әсіресе Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясындағы міндеттерге ерекше назар аударылып, қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерінің маңызы сөз болды.
Ардагерлер кеңесінің өкілі жастарға қандай жағдайда да әділдік пен адалдықты басты ұстаным ету қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар қызмет барысында сабырлылық, жауапкершілік, тәртіп пен кәсіби этиканы сақтау полиция қызметкерінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Жиында жас мамандарға ардагерлер тәжірибесін жеткізудің маңыздылығы ерекше айтылды. Себебі көпжылдық тәжірибе мен өмірлік ұстаным – жас буын үшін рухани тәрбие мен кәсіби қалыптасудың маңызды негізі. Осындай кездесулер қызметкерлердің патриоттық рухын көтеріп қана қоймай, олардың халық алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге ықпал етеді.
Кездесу соңында қатысушылар ардагерге алғыстарын білдіріп, мұндай тағылымды шаралардың алдағы уақытта да жалғасуы қажеттігін атап өтті. Айта кету керек, «Адал азамат күні» аясында өткізілген мұндай кездесулер қоғамда заңдылық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен ардагерлер арасындағы байланысты нығайтуға зор үлес қосады.


